27
наурыз
2020
Асхат Аймағамбетовтің ата-аналарға жазған хаты

Балаларымыздың көктемгі каникулы 16 наурызда басталды. Қазіргі кезде ата-аналардың басым бөлігі үйде және балаларға 21 күнге созылатын демалысты қызықты әрі пайдалы өткізуге көмектесе алады.
Менің ұлым – төртінші сынып оқушысы. Өзі кітап оқығанды жақсы көреді. Мысалы, оқу жылы басталғалы «Робинзон Крузо», «Том Сойердің бастан кешкен оқиғалары», «Менің атым – Қожа», «Көшпенділер» трилогиясы кітаптарын бірге оқып шықтық. Сүйікті кітабымыз – «Капитан Гранттың балалары». Сондай-ақ ежелгі грек және мысыр мифтері мен аңыздарын қызыға оқып шықтық.
Ата-аналардың балаларды кітап оқуға баулығаны өте маңызды.
Осылайша, есейе келе, ғылыми әдебиеттерге деген қызығушылығым артты. Сондықтан, балаларды осы жанрға баулу өте маңызды деп ойлаймын.
Кітап оқудан бөлек, отбасымен танымдық видеоларды қарауға болады. Мысалы, видеосабақтарды, тренингтер мен ғылыми тәжірибелерді, TED-конференцияларын және т.б. Біздің министрліктің сайтынан білім беру ресурстарының тізімін таба аласыздар. Айтпақшы, қазіргі кезеңде білім беруге бағытталған сайттарды пайдалану барысында трафик есептелмейді, яғни тегін болады. Ол үшін біз интернет провайдерлерімен келісім орнаттық. Сондай-ақ, бұл – балаларды онлайн-форматта білім алуға икемдеуге жақсы мүмкіндік, болашақта пайдасы тиетіні де сөзсіз.
Ата-аналардың басым бөлігі каникул аяқталған соң, оқу процесі қалай ұйымдастырылатынын уайымдауда екенін білемін. Қазіргі уақытта оқуды қашықтан жүргізуге көмектесетін ақпараттық жүйелерді дайындап, тестілеудеміз. Кейбір сабақтарды телеарналар арқылы өткізуге болады. Бұл формат біздің оқушылар мен ұстаздар үшін үйреншікті емес, сондықтан педагогтердің жұмысына түсіністікпен және құрметпен қарауларыңызды сұраймын. Олар оқушыларын сағынды және мектепке келер сәтін асыға күтуде.
Бұл – министрдің емес, жағдайға байланысты балаларымызда кенеттен пайда болған бос уақытты тиімді өткізуді және осы кезең бізді балаларымызбен жақындастыра түсуді қалайтын әкенің ұсыныстары ғана. Балапандарымыздың бақытты болуы біз бен Сізге тікелей байланысты.
Өзіңіз бен жақындарыңыз аман болғай!
Ізгі ниетпен,
Асхат Аймағамбетов